«Тілімді білсең – жанымды түсінесің»


Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданылу аясын кеңейту мақсатында және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай, «Зерде» қоғамдық бірлестік жетекшісі О.А. Салбакирова №40 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің көмегімен 2011 жылдың 25 сәуір күні №40 гимназияның өзге ұлт өкілдері оқушылары арасында «Тілімді білсең – жанымды түсінесің» атты байқау ұйымдастырды. Байқауға қатысушыларды дайындаған гимназияның білікті ұстаздары – Ж.Б.Бабашева және Г.А.Өмірқұлова. Байқауға қатысқан 10-11 сынып оқушылары - Яловая Анастасия, Ахмедова Фарангиз, Усманова Интизора, Тен Екатерина - өздерінің мемлекеттік тілді, ұлтымыздың мақал-мәтелдерін, салт-дәстүрін, қасиетті сан ұғымдарын жетік меңгергендерін көрсетіп, қазылар алқасының оң бағасын алды. Қазылар алқасын «Зерде» қоғамдық бірлестігінің мүшелері құрады. М.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің аға оқытушысы А.Қ.Бодықова –қазылар алқасының төрайымы, мүшелері -облыстық прокуратура қызметкері Далишова Г.Ә., Жамбыл облыстық перинаталды орталықтың салауатты өмір салтын ұйымдастыру бөлімінің дәрігері Махмұтжанова З.Ә.,

Тараз политехникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ақылбекова Р.Д., «Зерде» қоғамдық бірлестігінің мүшесі – А.И.Афанютина және №40 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Б. Ахментаева қатысушылардың білімдерін, қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтуын, ойларын қазақ тілінде жеткізе білуін әділ бағалап, байқау қорытындысын шығарды. Байқауды жүргізген облыстық аурухана қызметкері Зубенко Елена қазақ тілінде еркін сөйлеп, көрермендерді өзіне баурап алды. Байқау 7 тапсырмадан тұрды. Байқаудың алғашқы тапсырмасы қатысушылардың өзін-өзі таныстыруы болса, келесі тапсырмалар «Талаптыға нұр жауар», «Өлең – сөздің патшасы...», «Білгенге - маржан», «Ойлайық та ойнайық», «Тіл майталмандары», «Мақал –сөздің мәйегі» деп аталып, оқушылардың білімін әр түрлі тақырыпта сынады. Байқауға қатысушылар барлық тапсырмаларды өте жақсы орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, «Талаптыға нұр жауар», «Өлең – сөздің патшасы...», тапсырмаларында қазақ ақындарының Отан және тіл туралы өлеңдерін айрықша мәнермен жатқа оқып, 11 Б сынып оқушысы Яловая А. және 10 А сынып оқушысы Усманова И. ерекше көзге түсті. Басқа тапсырмаларда да жақсы білімдерін көрсеткен аталған қатысушылар ұпай жағынан бір-бірінен аз ғана артықшылықпен жүлделі І,ІІ орындарды бөлісті. Сонымен, байқау нәтижесінде 11 Б сынып оқушысы Яловая Анастасия жүлделі І орынды иемденсе, 10 А сынып оқушысы Усманова Интизора ІІ орынды иеленді. ІІІ орында 11 Б сынып оқушысы Ахмедова Фарангиз, ал 10 Б сынып оқушысы Тен Екатерина төртінші орынды қанағат тұтты. Байқау соңында гимназияның өнерлі оқушылары концерттік нөмірлерімен байқауға қатысушыларды қолдап, өз өнерлерін көрсетті. Гимназия мұғалімі А.Б. Телғазиеваның ұйымдастыруымен 8- сыныптардың өзге ұлт оқушыларынан құраған домбырашылар триосы «Кеңес» күйін орындаса, 11-сынып оқушысы Бәкібаев Елдос «Бақыт құшағында» әнімен көрермен көңілінен шықты. Қатысушыларды қолдаған жанкүйерлер де құр қалмай, қазылар тарапынан Бәкібаев Елдос пен Жамбылдың «Аттандыру» өлеңін мәнерлеп оқыған 11-сынып оқушысы Бурмакина Дарья да алғыс хаттармен марапатталды. Айта кететін жайт, оқушылардың арасында жылдан-жылға мемлекеттік тілге деген қызығушылық артып келеді. Бұған дәлел, гимназия оқушылары жыл сайын дәстүрлі өтетін қалалық Абай оқулары, Жамбыл оқулары, тағы да басқа мемлекеттік тілде өтетін байқаулар, сайыстар,облыстық, қалалық пән олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары. Әрине, бұл Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауын, «Тілдерді қолдану және дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің еңбектерінің жемісі деп ойлаймын.

Қасымова Ақбота, 11 «А»

Опубликовано: 29 Апреля, 2011 12:40, Просмотров: 1596