«Атыңнан айналайын, батыр бабам!»


«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде», -
Деп жырлар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде. –
Даңқты қолбасшы, Ұлы Отан соғысының есімі аңызға айналған батыры Бауыржан Момышұлының туғаныны 100жыл толу қарсаңында жоғары сынып оқушыларының қатысуымен әдеби кеш өткізілді. Әдеби кешке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Есеналиева Майра Аманқұловна жетекшілік етті.
Мұғалімнің кіріспе сөзінен кейін, «Көшпенділер» фильмінен үзінді тыңдалды. Келесі кезекте сөзді кештің жүргізушілері алды. Олар өз сөздерін Бауыржан Момышұлы туралы айтылған қанатты сөздермен бастады. Кеш Хан Викторияның орындауында мектебіміздің қазақ тілі пәні мұғалімі Ахментаева Гүлжамалдың «Атыңнан айналайын, батыр бабам!» деп аталатын арнаумен жалғасты. Сонымен қатар, әдеби кештің мағынасын сол бір сұрапыл жылдарды түсірілген «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты фильмнен үзінділер аша түсті. Бауыржан жайында үзбей жазып келе жатқан Әзілхан Нұршайықов бірде республикалық газеттердің бетінде былай деп жазған екен: «Қазақ халқы Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағын беруді 45 жыл армандады. Қырық жыл үкімет басында отырған өзімшіл, әкімшіл, шеншіл, шекпеншіл, жылтыр басшылар халықтың бұл арманын іске асырмады. Енді міне Бауыржанның 80 жылдығына орай, біз осы қуанышқа жетіп отырмыз. Бірақ, арамызда Бауыржан жоқ». Осы сөзден кейін 8»г» сынып оқушысы Костина Карина Қасым Аманжоловтың батыр атамызға арналған өлеңін оқыды.
Бауыржан Момышұлы мұрасын танып білу үшін, ақын, жазушы Бауыржанның әдебиет майданынында жасаған ерлігін сөз етпес бұрын , батырдың бейнесіне 9 «в» сынып оқушысы Тажиева Тазагүл тоқталып өтті. Кескін келбетіне ғана тоқталып қоймай, оның мінезі мен игерген өнерлері жайлы да айтып өтті.
8 «в» сынып оқушысы Батырева Александра ақын С. Томановтың «Жуалының жуасы» атты өлеңді өз нақышына келтіріп оқып шықты.

Халқымызда «Жауынменен жер көгереді, батаменен ер көгереді» деген сөз бар. Бала Бауыржанның елінің сүйіктісі, аты аңызға айналған батыр, әрі жазушы Б. Момышұлы болуына, дүние есігін ашқан алғашқы күндері атасы Имаштың берген батасының шарапаты тимеді деу қателік болады. Атасы Имаштың бала Бауыржанға берген батасын Ким Юра айтып берді.
«Құрық берсем – құл болма,
Шыбық берсем – шіл болма,
Бәрінен де шырағым,
Баяны жоқ ұл болма»,
- деп немересінің мәнді де мағыналы өмір сүріп, туған еліне аянбай еңбек етіп, баянды ғұмыр сүруіне ақ батасын берген екен.
Ал 8 «б» сынып оқушысы Бектаев Диастың орындауындағы «Баукеңнің қорқынышы» деп аталатын монологы әдеби кештің шырқау шегі болды деп ойлаймыз. Оқушының сөйлеу мәнері, әртістік машығы отырған көрермендерді тәнті етті.Кештің барысында Молдашова Жібек, Қадіров Мұхиддин,Сатыбалды Нұржан, Қасымова Ақбота сынды оқушылар батыр жайлы тың деректер берді. Кештің соңында 8 «в» сынып оқушысы Амангелдиев Сұлтан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Бауыржан Момышұлына» деп аталатын өлеңін оқып шықты. Өз сөзімді осы бір керемет арнаумен аяқтағым келеді.
Аға,
Саған білмеймін не айтарымды,
Қай қырыңнан білмеймін байқарымды.
Көңілдегі ой көмейге кептелді де,
Түрмесіне кеудемнің қайтарылды.

Қайтерімді, білмеймін не айтарымды?
Сен зәру емессің ғой құрметке,
(Сырлы аяқтың сыны бар, сыры кеткен...)
Тонға емес, орамал жолға жарап,
Сый тартуды атамыз ырым еткен.

Тартар сыйым өзіңе болмағасын,
Белгілі ғой қасыңа жоламасым.
Ақ сұңқарым бар еді, ұшпай қойды,
Алсам-дағы басынан томағасын.

Хош бол аға, әлемді тамсандырған,
«Тас мейманға» табиғи жан салдырған.
...Меніменен сайрандар жел жоқ, бірақ,
Алатауым күтіп тұр қарсы алдымнан...




Тазабекова Жанар. 9 «в» сынып оқушысы.

Опубликовано: 12 Марта, 2010 09:19, Просмотров: 2419