Тұғырлы Тәуелсіздікке 27 жыл

Тұғырлы Тәуелсіздікке 27 жыл!
Өткен күннен алыс жоқ,
Келер күннен жақын жоқ
қазақтың халық мақалы

   Міне, көзді ашып жұмғанша, осы жылы Қазақ халқы тәуелсіздіктің 27 жылдығын тойлайды. Тәуелсіздікке жету – оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы. Тәуелсіз мемлекетке айналу, бізге үлкен серпіліс, күш берді. Тарихи күш десе де болады. Біздің өз еркімізбен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге жол ашылды.

    Тәуелсіз мемлекет бола салысымен, көптеген шұғыл сұрақтарға шешім табылды. Неше түрлі ауыртпашылық әкелген Семей полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі шешілді, тарихи мұра, мәдениетіміз, қазақ тілі қайта жаңғыртылды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтара алдық. Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриалдық жаңғырту жолында жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз.
     Қазіргі таңда, Қазақстанның өзіндік үні, пікірі, мәртебесі бар. Біз әлемдік деңгейде аяғымызды сенімді басып, басқа елдер бізбен санасатын мемлекетке айналдық. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үлкен шараларды, іс- әрекеттерді талап етеді. Яғни, ішкі және сыртқы саясатты дұрыс жүргізу, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуін, дүниежүзілік қауымдастықта өркениетті мемлекеттермен білікті қарым - қатынас жасау, әрине бір адамның қолында емес. Бірақ, халық атынан үлкен деңдейде сөйлей алатын, сөзін құлақ салып тындайтын, мемлекетке бағыт-бағдар беріп отыратын, ерекше тұлға, мемлекет басшысы – Президент. Біздің ел тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін жан-жақты дәлелдеді.
     Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде тойлады. "Біріккен Ұлттар Ұйымы" шеңберінде 2002 жылы Алматыда, яғни тұңғыш рет Азия құрлығында 24 мемлекет басшысын біріктіріп, кеңес өткізді. "Шанхай ынтымақтастық ұйымын" құрудың негізгі ұйытқысы, алғашқы ұсыныс жасаумен танылды. Одан әрі, 2003 жылы Астанада тұнғыш рет әлемдік діндер жетекшілерінің съезін өткізумен тарихта аты жазылды.100-ге жуық елдің басын қосатын халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі өтті. Осының бәрін бағалауымыз керек.Қазір біз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық.
     Елбасы бекіткен жаңа экономикалық бағамда жаңа бағдарламалар, оның бағыттары және нәтижеге жету жолдары көрсетілген. Сол бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық!

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Ордабекова Айдана Мұратқызы

Опубликовано: 15 Декабря, 2018 04:10, Просмотров: 7428