Құрметті мектеп бітіруші түлек!

     Сіз үшін осынау күн айшықты да, айдынды, мерекелі, табысты да толғамды күнге айналып отыр. Өйткені Сіз дәл осынау күні өзіңіздің қимас бір мекеніңізге айналған, балдәурен шақтың балауса қызығын өткізген, сөйтіп бойыңызға білікті білім мен тәлімді тәрбие жинаған мектеп анаңыздан түлеп ұшқалы тұрсыз. 

Осыдан санаулы ғана жылдар бұрын сіз осы мектептің қастерлі табалдырғын жасқана да жүрексіне аттап, өзіңізге тәлім берер алғашқы ұстазыңызбен жүздесіп, білім нәріне бас қойған едіңіз. Содан бері ағын судай жылжыған жылдар легі ашылды, танымыңыз тереңдей түсті. Сіз мектеп партасында отырып, ұстаз аузынан естілген әрбір білім жаңалығының қабылдаушысы болып қана қойғаныңыз жоқ, сіз осынау  сәттерде өзіңіз де мектебімізде өткізілген қаншама игілікті шаралардың бел ортасында жүрдіңіз, жарқын да мағыналы істердің жанашыр куәгері атандыңыз. Сіз алдағы өміріңізде  Абай  атқандай: «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық» бола білсеңіз ғана өзіңіздің ұстаздарыңыз төгілген тер өтелді деп біледі. Сіз үшін бүгінгі қағылар соңғы қонырау үні балдәурен балалығыңыздың артта қалып, жауапкершілігі мол азаматтық биікке көтерілгендігіңіздің ескертпесі сияқты. Осынау кезеңдерде өмір кемеңіздің желкенін еш уақытта түсірмеу үшін, сіздің бойыңыздан білім мен білік, батылдық табылатынына сенгіміз келеді. Сіз Елбасы армандаған мәңгілік болашақтың бүгінгі жас құрылысшысы  екендігіңізді еш уақытта естен шығармаңыз.

  

Ізгі ниетпен: Құлжанова З. С.
Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі

Опубликовано: 26 Мая, 2017 05:30, Просмотров: 1432