Құттықтау

Сіздерді 9-мамыр – Ұлы Жеңіс Күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.

Бүгінгі ұрпақ, аға буын-ардагерлер, танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Бүгінгі мамыражай тыныш өмір аталарымыз қалыптастырған берік бірлік нәтижесінде келді. Әуеде ұшқыш, жерде танкист, теңізде – теңізші, окопта әскер, блиндажда байланысшы және тылда еңбеккер – бәрі де Ұлы Жеңіс үшін қараниет арам пиғылды фашист оғына өз кеудесін тосты. «Отан» атты ыстық ұғым, тәтті сөз қарсы келген дұшпанға қаймықпай қарауға жігер берді.

Ер жігіттің құл болмай, ару қыздың күң атанбай, халықтың бірлікте өмір сүруі нақ солардың арқасында!

Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған қандастарымыздың алдында бас иеміз!

Сонымен қатар, Құрметті ер азаматтар, Сіздерді 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс,  қажырлы қайрат және бейбіт ғұмыр тілейміз!

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілейміз!

Ізгі тілекпен Қазақ  тілі мен әдебиеті кафедра ұстаздары

Опубликовано: 5 Мая, 2017 12:23, Просмотров: 863