Қазақстан Халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды

     Қазақстан Республикасы 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек – Қазақстан Халқы тілдері күні болып бекітілді.

     Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің  өзіндік себебі бар. Бұл күн - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын.
     "...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді" деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай болмақ.
     Тіл мерекесін тойлаудағы мақсатымыз  Қазақстан халықтарының  өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу.Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Тілімізді қадірлейік, құрметтейік. Тіл мерекесі құтты болсын!

 

Қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдикеримова А.Ж.

Опубликовано: 5 Сентября, 2023 05:05, Просмотров: 273