КЕЛ НАУРЫЗЫМ, ТӨРЛЕТ

     Ақ пен қараның теңелген, ұзынның қысқарып, қысқаның ұзарған, көңілге шаттық күйін ойнатып, даланы самал желімен тербеген, алыстағы сәулелі күннен сәлем жолдап, өзгермейтін дала заңының кезекті ең арпалыс сәтінде қаһарлы қысты жылы лебімен, еріткен мұзы мен бүр жарған көгімен, арпалысқан адамдардың сенімі мол көңілді күйімен еңсерген көктем келді, ілесе, жаңа жылдың бастауы -  өлінің қайта тірілетін дәуірі Наурыз келді далама.

     «Жетпіс пен жеті»  даланы кезіп, қыс бойы жете алмаған жақынына бауырлап, сан мың шақырым жерді, сан кедергіні басып өтіп қанаты қайырылмай елге қайтқан құстарға қол бұлғап тұр. Бұл – Наурыз, самал желмен тербеліп,  жақұт гүлдестесін жамылып, жүрген жолына жылуық ұялатып келеді.
     Кел Наурызым, төрлет, сені қаһарлы қыстың аязына тоңған елің сағынды, алты ай ақ көрпе оранған белің сағынды, ойнақтап сай саланы кезетін селің сағынды, жақсылыққа жаны құмар сенім сағынды. Төрлет, қуант, бақытқа бөле дархан даламды... Ұлыстың ұлы күні бар қауымға құт ала келсін!

Әбдімутәліп Т.Б.

Опубликовано: 17 Марта, 2023 09:15, Просмотров: 258