Қазақ тілі апталығы.


Жақында 1- 6 наурыз аралығында мектебімізде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні апталығы болып өтті. Апталық жоспары бойынша әрбір сынып оқушылары түрлі іс- шараларға қатысып, мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергендіктерін көрсетті.Тіпті бастауыш сынып оқушылары да өз үлестерін қосты. Бастауыш сыныпта қазақ тілі пәні мұғалімі Ыдырысова Эльмира дайындаған «Менің әлемім» атты іс- шарада 1- сынып оқушылары өз ойларын қазақ тілінде шебер жеткізіп қана қоймай, түрлі өлеңдер, мақал- мәтелдер айтып, көпшіліктің ойынан шықты. Ал 4- сынып оқушыларының ұйымдастыруымен (мұғалімі Қобыландина Мадина) өткен «Қазақшаңыз қалай?» деп аталатын білімпаздар сайысында оқушылар мемлекеттік тілді қандай дәрежеде меңгергендіктерін көрсетті.
Орта буын оқушылары да осы апталықта қарап қалған жоқ. . 5- сынып оқушылары «Бақытты балалық шақ» атты (мұғалімдері Алтынбаева Ғ. , Дархамбаева Ш.) сыныптан тыс іс- шара өткізсе, 6- сынып оқушылары қазақ тілі мұғалімі Кенжетаева Гүлнардың жетекшілігімен «Ертегілер елінде» атты саяхатқа шақырды. Көрермендерге әсіресе, 6 «в» сынып оқушыларының қатысуымен дайындаған «Шықбермес Шығайбай мен Алдар көсе» атты ертегі қойылымы қатты ұнады. Алдар көсе рөліндегі Лезбек Нұрдәулет, Шықбермес Шығайбай рөліндегі Ақанов Сырым, бәйбіше рөліндегі Әшірбек Ақнұр өз өнерлерімен көпшіліктің көңілінен шықты деп айта аламыз. Іс- шараның соңында 6 «в» сынып оқушысы Алуадинова Айбике оқушыларға «Ертегілер» деген әнді тамылжыта орындады.
Апталық 7- сынып оқушыларының қатысуымен өткен «Өнерлі өрге жүзер» деп аталатын сайыспен жалғасты. Қазақ тілі пәні мұғалімі Солтанаева Ләйләнің басқаруымен өткен осы бір іс- шарада оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Әуелде, 7 «б» және 7 «д» сынып оқушылары «Алғырлар» және «Тапқырлар» деген екі топқа бөлініп, мақал- мәтел, шешендік толғауларды мәнерлеп оқудан жарысты . Осы жарыста Ким Катерина, Чуйбекова Эльвира, Ким Сергей, Носков Илья өнерден құр алақан емес екендерін көрсетті. Сонымен қатар, Тоқтаназарова Іңкәр мен Ақжігітова Сабина сызылтып салған ән тыңдаушыларды бірден баурап әкетті. Келесі кезекте, екі топ қойылым қою сайысына қатысты. 7 «д» сыныбы «Ажалжан құтқарған асыл сөз» деп аталатын көрініс көрсетсе,
7 «б» сынып «Ғайни мен қара шыбын» деп аталатын қойылымды көрсетті. Сайыс «Кім көп біледі?» деген викториналық сұрақтарға жауап беру жарысымен жалғасты. Әділ қазылар алқасының шешімімен 24 ұпай жинаған «Алғырлар» тобы бірінші орынды иемденсе, 22 ұпай жинаған «Тапқырлар» тобы екінші орын мәресінен көрінді.

«Қандай да болсын халықтың әдет- ғұрпын білгің келсе, алдымен оның тілін білу керек» деп Пифагор айтқан екен. Сол сияқты біздің мектептің оқушылары қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының салт- дәстүрлерін де жетік білетіндерін көрсетті.
Қазақ тілі пәні мұғалімі Құлжанова Зейнептің ұйымдастыруымен өткізілген іс- шара осының куәсі деп айтсақ қателеспейміз.
«Қазақ халқы - қонақжай халық» деген сөз бар. 7 «а» сынып оқушылары Сүлейменова Диана, Ким Светлана, Есемов Таңат, Қасқабасовтардың дайындаған салт- дәстүрде сәлемдесуден бастап, төс қағыстырып, дастарқан басына шақыруды «Дәм-тұздан артық еш нәрсе жоқ» деп жалғастырды.
Келесі кезекте, 7 «г» сынып оқушылары көрермендерді көрші ауылға қонаққа шақырды. Ал, көрші ауылда оларды «Бесікке салу» салтанаты күтіп тұр еді. Мұхамедова Балерке, Әбілқайырова Динара, Цой Кирилл, Лапшин Павелдың қатысуымен бесік той дәстүрлдері көрсетіліп, қыздар «Бесік жырын» шырқады.
Көрермендерді енді тағы да бір ауыл күтіп тұр еді. Бұл 7 « в» сынып оқушылары дайындаған «Тұсау кесу» тойы еді. Бұл тойды асаба Сариев Әділ басқарып, Тұрсынбек Лаура, Мұқатаева Раушан өз өнерлерін көрсетті.
Қазақ халқының кез-келген той- томалағы ойын- сауықпен жалғасады. Осы ойындарда Бодаубеков Аббас, Щепановский Николай жеңіс мәресінен көрінді. Той- томалақты қызықтаған көпшілік оқушылардың өнеріне дән риза болып тарқасты.
«Тіл адамды көкке көтереді, тіл арқылы ел бақытқа жетеді» деген екен
Жүсіп Баласағұни. Мектебімізде өткен қазақ тілі апталығы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтерді деп айтсақ қателеспейміз.
.

Қасымова Ақбота. 10 сынып оқушысы.
Опубликовано: 12 Марта, 2010 09:12, Просмотров: 15909