Құрметті ұстаз қауымы!

      Сіздерді қазан айында аталып өтетін Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің бала көңілдеріңіз əр оқушының жандүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады. "Мектептің жүрегі", "Бала жанының бағбаны"… Иə, бұл мектеп мұғалімі - ұстазға арналған теңеулер. Негізінде, сіздердің төккен терлеріңіз бен жасаған еңбектеріңіз көзге көріне бермейді. Ол уақыттың сиқырымен болашақта қарсы алдыңыздан шығып, сізге алғысын білдіруі мүмкін. Міне, сол кезде ғана еңбегіңіздің жемісін, бейнетіңіздің зейнетін көресіз.

      Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз" деген.
      "Ұстаз" деген сөзді айтқанда, бала кезімдегі арманым есіме түседі. Ол кезде бұл мамандықтың қыр-сырын жетік біле бермесем керек. Ал қазір де әрбір балаға деген жеке көзқарас, зерттеулер...мұның барлығы оңай емес екенін аңғарып келемін. Сіздерге мың алғыс! Әрбір баланың бойындағы бұғып жатқан ерекше қасиеттерін, қабілеттерін аша білетіндіктеріңіз үшін! Осы орайда, мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілеймін.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алтынбекова Мәдина Жүнісбекқызы

Опубликовано: 5 Октября, 2019 04:03, Просмотров: 6303