Тіл – адамзат баласына тән ғажайып құбылыс. Адамзат қоғамының аясында халық, ұлт және оның тілі жүздеген, мыңдаған жылдар бойы қалыптасады. Қай ел болмасын өз тілі арқылы әлемді, дүниені, өмірдің құнды тағылымдарын таниды. Өз елінің мәдениетін жасайды, өмірден түйген тағылым, тұжырымдарын келешек ұрпақтарына жеткізеді. Тіл – ұлы қазына, баға жетпес асыл мұра, бүкіл қоғам үшін маңызды тіршілік. Тіл тек адамзатпен ғана емес, қоғаммен, тарихпен тығыз байланысты.
Туған тіліңді қорғау – туған Отаныңды қорғаудан да маңыздырақ. Отаныңды жау басып алса, оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір азат етеріңе сенесің. Ал тілің жауланса, бітті.
Өмір сүріп отырған кезеңдегі тіл мәселесіне назар аудару, оған қамқорлық көрсету – тіл мен әдебиет саласындағы ғалымдардың еншісіндегі ғана емес, сол қоғамдағы әр азаматтың міндеті. Ана тілін құрметтемеу – ештемені сыйламау деген сөз. Жастар мұны қатты ескеруі керек. Жастар – біздің болашағымыз.
Ел мен ел өз тілінде сөйлесіп отырса, барлық халықтың тілді бағалауы, құрметі артады .
Александра Ни 11 "А"
Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі. Ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Тіл – адам баласының басты қазынасы болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылымы мен әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам құрылыстары мен салт-санасын қай дәрежеде екенін танытатын дәлелді көрсеткіші.
Барлық қазақстандықтарды біріктіретін – қазақ тілі, сондықтан егемен елімізді сақтап қалу үшін ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілге ерекше ықылас қажет. "Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалды" - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, тіл – елдіктің тірегі, тәуелсіздіктің тірегі.
Болашақ Қазақстанның азаматтары есебінің көзіндей, жарнаның ішіндей болып дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін сыйлайтын, басқаға өзін таныта, сыйлата алатын рухани дүниесі бай, білімді, білікті болуы шарт.
Мария Тогайбаева 11 "В"
Менің ана тілім
Менің ана тілім – шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер - сол ана тілім! Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл.
Ақын С.Торайғыров ана тілімді: Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Шыр етіп жерге түскен минутымнан, Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп жырға қосқан.
Ана тілім-ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көремін. Тіпті, туған тілінен безетін сорақыларды да, менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г.
Паустовскийдің "Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік" деген сөзі ойыма еріксіз оралады. Ана тілі - ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз.
Менің елім – көп ұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда ұлттар арасында татулық пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны - бәріміз үшін мақтаныш. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін ғана ойлайтын Елбасының арқасында біз, қазақ елі, мәңгілік ел болып қала бермекпіз.
Нұрзат Манат 11 "В"
Тілге құрмет – елге құрмет
Тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз - ана тілімізі.
Тілді өркендету - баршаның ісі. Тіл - тек қарым – қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Елбасы жыл сайынғы халыққа жолдауында да басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан – жақты дамытуға басты назарда ұстап келеді. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Бұл осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды - солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі.
Карина Ким 11 "А"
Біздің мемлекет – көп ұлтты мемлекет. Қазақстанда 130-дай ұлт өкілдері тұрады. Әр ұлттың өзіне тән ата-дәстүрі, ана тілі бар. Әрбір өзін-өзі сыйлайтын ұлт өз болмысын сақтай отырып, өзге ұлттың өзіндік қажеттеріне құрметпен қарайды. Оған дәлел, басқа ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлеу, қазақша ой ойлауы. Осыған дәлел ретінде: "Ұлтым орыс болса да, мен – қазақтың бір қызымын. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлап, қазақша жырлаймын".
София Осипова 11 "В"