Мәңгілік ел есіндегі - ер есімі

Қазақтың біртуар перзенті, дарынды ақын, алып тұлға - Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туылғанына 125 жыл толыпты. Өзінің аз ғұмырында ұмытылмас туынды жазып, өзінің көркем мінезімен, шыншылдығымен жастарға үлгі бола білген қайталанбас қазақтан шыққан дара тұлға. Сол дәуірдегі қазақтың тұрмыс - тіршілігін, бай, болыстардың кедейлерге жүргізген өктемдігін суреттеп, қазақ қауымындағы әйел теңсіздігі мәселесін көтерген жазушылардың бетке ұстары. Осының дәлелі ретінде Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы М. Әуезов өз естелігінде былай деп жазады:

"1917 жылы февраль революциясынан кейін Семейде алашордашылардың бір үлкен жиналысы болды. Жиналыс ақырында түрлі мәселелер жөнінде секциялар құрылды. Біз, Сұлтанмахмұт бастаған біраз жастар оқу-ағарту, әйел теңдігі мәселелерін қарайтын секцияға ендік. Секцияның жиналысы жаңа басталған кезде, үйге Семейдің үлкен ғұлама - ишандарын ертіп қаланың саудагер байлары кіріп келді. Жиналыс бастығы:
─ Бұл не? Сіздерге не керек? - дегенде, ғұлама ишандарды бастап келген бір кісі:
─ Әйел мәселесі қаралады дегенге келдік. Бұл мәселе шариғат жолымен шешілуге тиіс. Мына ишандарды сол үшін әдейі ертіп келдік, - деді.
Жиналыс бастығы соған тоқырап, көнгендей болып еді, Сұлтанмахмұт орнынан ұшып тұрып:
─ Жоқ, бұларды жиналысқа қатыстыруға болмайды. Бұған кейін қазақ тарихында ең зиянды элемент болып келгендер осылар. Жиналысқа бұлар қатысатын болса, біз – жастар қатыспаймыз, - деді.
Осыдан кейін байлар мен ишандар үйден шыға жөнелді. Жиналыс басшылары Сұлтанмахмұттың бұл қылығын жақтырмай қалды".  М.ӘуезовӘйел теңсіздігі мәселесі Сұлтанмахмұтты қатты толғандырады. Сондықтан ол өзінің "Қалың мал"романын осы тақырыпта жазады.
     Сұлтанмахмұт 2 жасында анасынан айырылып, әжесінің тәрбиесінде болады. Өмір маңдайынан сипамаса да, оның оқуға деген ынтасы кемімеді. Өзі көп оқыды, биікке ұмтылды, қазақ жастарын білімге шақырды. Мәселен, М. Әуезовтің естелігінде осы тақырып төңірегінде былай жазылыпты:
"Сол 1917 жылы қыстыгүні Сұлтанмахмұттың ауруы тіпті күшейіп кетті. Дәрігерлер, достары оның жатып емделгені, қымыз ішкені жөн болар деп тапты. Осы ретпен Сұлтанмахмұт Шыңғыстаудағы біздің ағайдың үйіне барып, қысырақ байлатып қымыз ішіп, бір айдан артық уақыт жатты. Сонда жатқанда мен бір жолы оған көңілін сұрай бардым.
     Сұлтанмахмұт өте саналы болушы еді. Ол ауруым жұртқа жұқпасын деп, қатты сақтанады екен. Аурумын, емделіп жатырмын демей, кітапты көп оқиды екен. Төсегінің екі жағында көптеген классик ақын-жазушылардың, ақыл - ой кемеңгерлерінің кітаптары үйіліп жатыр еді. Солардың арасынан Л. Толстойдың, С. Надсонның, Бакуниннің, Плехановтың шығармаларын көзім шалды".
Білімге шақыру, жігерлендіру, жастарға сенім арту мақсатында ақын көптеген шығармалар жазған.
Солардың бірі - "Оқу" шығармасы. Өзінің бұл өлеңінде:
"Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек кана оқуменен өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық, ар-намысты
Жоятын надандық қой емсіз індет.
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса баска елдердей қатарға енбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп" –
деп жырлайды Сұлтанмахмұт Торайғыров. Демек, ақын тек өзі оқып, біліп қана қоймай, қазақ жастарын оқуға шақырып, үлкен үміт артқан.
Сол арманы қазір орындалды десек, артық айтпаған болармыз. Қазағымыздың алыбы - Сұлтанмахмұттың 125 жылдығы тәуелсіз еліміздің төңірегінде оқуға, білімге құштар жастарымызбен аталып өтілуде. Елімізде Сұлтанмахмұт атамыз үміт артар жанашыр,жалынды жастар көп болсын!

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 
Өмірәлиева Динара Төлендіқызы

Опубликовано: 30 Октября, 2018 04:24, Просмотров: 6188