Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік тілді дамытудың жаңа мүмкіндігі

Тараз қаласындағы №40 гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік тілді дамытудың жаңа мүмкіндігі» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараның мақсаты – латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат тарату, қоғамдық пікір қалыптастыру.

Дөңгелек үстелді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Б. Ахментаева жүргізді. «Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу – мемлекетіміздің басты мақсаты. Жаһанданудың бұл жаңа қадамы рухани жаңғырудан басталып отыр. Сол үшін заман ағымына қарай икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру қажет», - деді Г.Б. Ахментаева.
Жиын кезінде сөз сөйлегендердің бірі — қазақ тілі мен әдебиеті кафдерасының меңгерушісі З.С. Құлжанова болды. Тіл маманы латын графикасын енгізу арқылы тілдік заңдылықтарды ретке келтіруге болатынын айтты.
– Елімізде кирил жүйесі енгізіле бастағанда қазақ әліпбиі, қазақ орфоэпиясы үлкен қиыншылықтарға ұшырады. Қазақ тілінде жоқ дыбыстардың дыбысталуынан жаңа ережелер бекітілді. Орыс тілінен енгізілген сөздерге жіңішкелік қосымша жалғанады. Бұлар сингармонизм ережесіне қайшы келеді. Әліпби өзгерген сайын орфографиялық нормалар өзгереді. Сөздің жазылу нормалары өзгереді. Кирил жүйесі туған тіліміздің нормаларын сақтауда ыңғайсыз – деді З.С. Құлжанова.
– Латын әрпі барлығымызға таныс, онымен шет тілдерді меңгеріп-ақ жүрміз. Алайда кейбір азаматтар қазаққа тән төл дыбыстарды дұрыс жазбайды. Бұл тіл заңдылығына өте-мөте қайшы келеді. Сондықтан өз тіліміздің төл дыбыстарын лайықтап алып, латынға көшуіміз заман талабы – дей келе, бұл жаңашылдықтың артықшылықтары мен кемшін тұстарын Н. А. Джумажанова атап көрсетті.
– Латын әліпбиі тіл тазалығын сақтауға, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтармен жақындастыруға, түркі тілдерімен қарым-қатынасты арттыруға, ағылшын тілін үйренуге септігін тигізеді, бірақ мұны жүзеге асыру үшін бірқатар қиыншылықтар туындайтынын айтпаса да түсінікті. Оқулықтарды жылдам аудару мәселесі, қаражаттың молынан жұмсалуы кедергі келтіруі мүмкін – деді А. Т. Көбенова.
– Қазіргі кезде мектеп оқушылары үшін, жастар үшін латын әліпбиін үйрену қиындық тудырмайды. Латын әліпбиіне оралу біз үшін экономикалық, саяси, мәдениет жағынан оң өзгерістер алып келіп, тәуелсіз еліміздің беделін одан сайын арттыра түседі», - деді Н. Аристанова.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жақында ғана ҚР Парламент Мәжілісінде ұсынылған латын алфавитінің интернеттік нұсқасының ұтымды және кемшін тұстарына талдау жасай келе, қазақ тілінің бір дыбыс бір әріпті бейнелейтін ерекшелігін сақтау маңыздылығын, диграфпен жазылған сөздердің кей жағдайда дұрыс қабылданбай немесе басқа мағына беріп кетуін ескере отырып, тіл талаптарының жазылым-оқылым-айтылым-тыңдалым сынды үделерінен толық шыға алатын, баланың да, қарттың да үйренуіне жеңіл Ұлттық әліпби үлгісін жасаудың ережелері мен қағидаларын бекітетін кәсіби мамандар біріге жұмыс істесе ғана ең тиімді нәтижеге қол жеткізуге болатынына кеңінен тоқталды.

Ахментаева Г.Б., қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі 

Опубликовано: 7 Ноября, 2017 08:12, Просмотров: 1520