IMPACT бағдарламасы арқылы кәсіби құзіреттілікті дамыту

«Бақыт жолы - білімде» деген екен Ахмет Иүгнеки. Дана бабамыз айтпақшы, ертеңгі келер күннің бүгінгіден де нұрлы әрі жарқын болуына ықпал ететін адамзатты алға жетелер құдіретті күш – білім. Кімнің болмасын өсіп-жетілуі, дүрбелең дүниеде өзіндік орын алуы – өз елінің білім жүйесі мен оның дамуына тікелей байланысты.

Егеменді елдің қасиетті қара топырағында жер басып жүріп, оңды өзгерістердің игілігін көріп жүрміз. Оң көзбен қарап, игілігімізге жаратар игі істердің бірі  - білім беру саласында.
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты  - бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білу.
30.10.2017 күні сол ізденімпаз мұғалімдердің бірегейлері шоғырланған мектебіміздің қазақ тілі  мен әдебиеті кафедрасында біліктілікті жетілдіру мақсатында тренер –коуч Р.К.Тильманбетованың башылығымен семинар-тренинг өткізілді. Семинар қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі З.С.Құлжанованың алғы сөзімен басталды. Кафедрамыздың білікті мамандары төменгі тақырыптарда коучинг сабақтарын жүргізді:
Ахментаева Г.Б. «Бақылау жұмыстарын ұйымдастыру» ,  Алтынбаева Г.Т. «Қазақ тілінен арналған бастауыш сыныптарындағы диктант түрлері», Тельгазиева А.Б. «Өзге тілді мектептерде қазақ тілі пәнінен жазба жұмыстарын өткізу», Қобландина М.И. «Ауызекі сөйлеу тілін дамытуға арналған деңгейлік тапсырмалар», Құлжанова З.С. «Тыңдалым бойынша жүргізілетін топтық жұмыс», Жұмажанова Н.А. «Тыңдалым бойынша орындалатын жұптық жұмыс», Кубенова А.Т. «Тыңдалымға бағытталған жұмыс түрлері».
Семинар барысында әр коуч мұғалімдермен түрлі жұмыс түрлерін көрсетумен қатар, өз ұсыныстарын білдіріп, түрлі ситуациялық жағдайларды мысалға алып, одан шығу жолдарын талдады. Кафедрамыздың жас мамандары өздері үшін қажетті мәліметтер  мен түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану түрлерін өз тәжірибелік қорларына ала алды.
Семинар ағылшын пәнінің мұғалімі, тренер –коуч Р.К.Тильманбетованың қорытынды сөзімен аяқталды. Рабиға Кеңесбаевна «Барлық мұғалім өздерінің біліктілігін жоғары дегейде көрсете білді» дей келе, әр маманға жеке талдау жасады.
Жас маман ретінде, бұл семинардан алар дүнием өте көп. Өз маманының білікті майталимандарынан тәжірибелік қорыма құнды қазына алдым. Жаңа форматтағы бақылау жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру, тыңдалым бойынша тапсырмаларды дұрыс түрлендіру, эссе мен шығарманың айырмашылықтарын, жұптық жұмыс пен топтық жұмыстың оқушы мен мұғалім үшін маңыздылығы мен диктанттың түрлерін дұрыс таңдай білу туралы аса қажетті мағлұматтар ала алдым.
Қорыта келе, «Ғылым қалғып кетсе, қараңғылық бас көтереді» дегендей, заман талабына сай жаңа технологиялармен жұмыс жүргізу алдымызда отырған бала тәрбиесіне зор ықпал ететіні белгілі. Қазіргі заман талабына сай жаңа формация мұғалімі – рефлексияға қабілетті,  оқыту методикасына жаңа элементтер енгізе алатын,  толысқан шығармашыл тұлға. Олай болса, тәжірибе алмасу мақсатында жүргізілетін тренинг-сабақтар жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері:  Есеналиева Ш.А.; Байнабаева Ж.Ж.

Опубликовано: 31 Октября, 2017 07:24, Просмотров: 1355