Жастарға үлгі болған ұлы тұлға

ХХ  ғасырдағы қазақ әдебиеті өкілдерінің бірегейі - Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин. Ол әдебиеттің түрлі жанрында, атап айтсақ, проза, поэзия, драматургияда қалам тербеп, қазақ әдебиетінің алтын қазынасына өзіндік үлесін қосқан қаламгер ретінде танылды. Азғантай ғұмырында өнімді еңбек етіп, өз дәуірінің шындығын шығармаларына арқау ете білген тұлға ретінде біздің есімізде мәңгілікке қалды.

     Жастайынан әкеден жетім қалып, тұрмыстық тауқымет тартқан Бейімбет өсе келе халқының кеңестік замандағы жай-күйін, сыры мен мұңын шығармаларында шебер суреттей білді. Бейімбет атамыздың қаламгер болуына ол кісінің әжесінің үлесі зор болған. Бұл туралы жазушы өз естеліктерінде:"Үлкен шешем де өлеңге өте әуес адам еді, ескі қиссаларды тыңдап болып, бір күрсініп алып өзі өлең айтатын еді", - деп жазған.
     Бейімбет Майлин 1923-1937 жылдары елуге жуық кітап, жинақ жариялаған. Олардың қатарында "Шұғаның белгісі" әңгімесі, "Раушан - коммунист" повесі, "Алыптарды аралағанда", "Мырқымбай", "Азамат Азаматыч", т.б. көптеген көркем шығармалары жарық көрді. Осыдан-ақ бұл кісінің тынымсыз еңбек еткен қаламгер екенін аңғаруға болады.
     Майлин поэзиясындағы Мырқымбай бейнесі – жиырмасыншы жылдардағы қазақ кедейінің типтік бейнесі. Бұл ақынның әдебиетке алып келген ауқымды жаңалығы, үлкен табысы болды. Бейімбет атамыздың "Мырқымбайы" секілді типтік дәрежеге көтерілген бейне күні бүгінге дейін жасалына қойған жоқ.
     Бейімбет Майлиннің біраз өлеңдері әйел теңдігі тақырыбына арналды. "Қыздың сәлемі", "Қашқын келіншек", "Ақсуаттың жанында","Шал мен қыз", "Азат әйел" сияқты өлеңдерінде қазақ қыздарының тағдырлары суреттеледі.
Қаламгер қай тақырыпты қозғаса да, оқырманына терең ой салып жазған.
     1938 жылы сталиндік репрессияға ұшырап, нақақтан жаза тартып, 44 жасында өмірден озбағанда, қазақ әдебиетінің майталманы  Бейімбет Майлин талай тақырыпты қозғап, әдебиетіміздің қоржынын мағынасы терең, тілі көркем шығармаларымен толықтырар ма еді? Әттең, құр өкінішпен орнын толтыра алмаймыз.

Жазушының жазып кеткен асыл мұрасын жас ұрпаққа оқытып, үйретіп, бойына сіңіру - ол білім саласындағы ұстаздардың парызы деп білемін.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 
Есимова Гульнара Талгатбековна

Опубликовано: 14 Ноября, 2018 03:32, Просмотров: 5674