Сабақ "Менің сыныбым", 3 сынып

Есимова Г.Т., қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі29 Октября, 2015 11:30

Модульдік тақырып: «Менің сыныбым»                                                         

Сабақтың тақырыбы: Менің сыныбым

Сабақтың мақсаты: өз сыныбы туралы айтуға үйрету, тақырыпқа байланысты лексиканы меңгерту.

Сабақтың міндеттері:

Білімділік: өз сыныбы туралы сипаттап айтуды үйрету, берілген құрылымдық үлгі бойынша сөйлемдерді дұрыс құрауды меңгерту.

Дамытушылық: оқушыларды  коммуникативтік қарым-қатынасқа түсуге жетелеу және байланыстыра сөйлеу дағдысын дамыту;

Тәрбиелік: алтын ұя мектебін құрметтеуге жетелеу.

Күтілетін нәтиже: балалар жаңа сөздікпен танысады, сөздік қорлары молаяды, ауызекі сөйлеу тілдері дамиды, тақырып бойынша жаңа сөздерді, өз сыныбы туралы айтуды үйренеді, тақырып бойынша сөз тіркестері мен сөйлемдер құрап айтуды, сұрақ қоюды  меңгереді, сауатты әрі ұқыпты жазуға төселеді, т.б.

Сабақтың түрі: аралас

Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, айтылым, оқылым, жазылым;

Сабақтың құрал-жабдықтары: оқулық – «Қазақ тілі» Б.У.Салыхова, «Алматыкітап» 2013ж., суреттер.

Сабақтың барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі.

1. Сәлемдесу.

Сабаққа психологиялық дайындық.

Балалар, бүгін біздің сабаққа қонақтар келіп отыр.

«Сәлем сөздің атасы» демекші, кәне, бірінші бәріміз амандасып алайық. 
Оқушылар хормен: 
Сәлеметсің бе, алтын күн,
Сәлеметсің бе, көк аспан,
Сәлеметсің бе, жер ана,
Сәлеметсіздер ме, қонақтар,
Сәлеметсің бе, сен,
Сәлеметпін мен.

Күнделікті тіл дамытуға арналған бірнеше сұраққа жауап аламын.

2. Сабақтың мақсатын айту.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

1. Өз мектебі туралы айту.

2. Мектеп, оқу-білім туралы мақал-мәтелдер жатқа айту.

3. Мектеп туралы өлең жатқа айту.

ІІІ. Жаңа сабақ.

Менің сыныбым

Мұғалімнің сөзі.

Сурет бойынша сабақтың тақырыбын болжау.

Сөздік бойынша жұмыс.

 *мұғалім мәнерлеп оқиды:

 *оқушылар мұғалімнен кейін барлығы дауыстап оқиды;

 *оқушылар тізбектеп оқиды;

1-тапсырма. «Көңілді шаршы».

Шаршы лақтыру арқылы плакаттағы бағыт тұрған жерден бастап сағат тілімен санай отырып сәйкес келген сурет бойынша сөйлем немесе сөз тіркесін құрастыру. 

2-тапсырма. Мәтінді оқу.

        Бұл – менің сыныбым. Ол үшінші қабатта. Сыныпта бір үстел, он екі парта, жиырма төрт орындық бар. Сыныптың терезелері үлкен. Терезелердің алдында гүлдер тұр. Сыныптың қабырғасы – ақ, төбесі – биік. Қабырғада тақта, сағат ілулі тұр. Біздің сынып әдемі, кең, жарық және таза.

Мәтін бойынша тапсырмалар.

  1. Мәтін не туралы?
  2. Мәтінді қалай атайсыңдар?
  3. Сынып нешінші қабатта?
  4. Сыныпта неше үстел, неше парта, неше орындық бар?
  5. Сыныптың терезелері қандай?
  6. Гүл қай жерде тұр?
  7. Сыныптың қабырғасы қандай?
  8. Сыныптың төбесі қандай?
  9. Қабырғада не ілулі тұр?
  10. Сынып қандай?
  11. Мәтіндегі сан есімдерді атаңдар.

12.  Сынып, үстел, парта, орындық, қабырға сөздеріне көптік жалғауын жалғаңдар.

Сергіту сәті.

Қатты нөсер басылды (жаймен тырсылдатады)

Күн жарқырай ашылды (қолдарымен күн жасайды)

Көктен төмен  әдемi

Кемпiрқосақ шашылды (жарты доға жасайды)

3-тапсырма.

Дәптермен жұмыс. Жазылым.

Сөздерді қатыстырып, сөйлем құрап жаз.

Отыр, сыныпта, оқушылар.

Оқимыз, біз, үшінші, сыныпта.

Сыныпта, бар, парталар, орындықтар.

Біздің, орналасқан, сынып, үшінші, қабатта.

4-тапсырма. Сөздер мен сұрақтарды сәйкестендір.       

оқушы             нелер?                         

парта               кім?

оқушылар       қанша?

парталар         не істейді?

жасыл              қандай?

он бес              нешінші?

отырады          не?

бесінші            кімдер?

5-тапсырма. «Сынып» сөзіне кластер жасау.

6-тапсырма. Мәтінді қалпына келтір.

І-деңгей. Қызылмен жазылған сөздерді өзгертіп, мәтінді қалпына келтір.

           Бұл – менің мектебім. Ол бесінші қабатта. Сыныпта компьтерлер, суреттер, оқушылар бар. Сыныптың терезелері кішкентай. Терезелердің алдында ағаштар тұр. Сыныптың қабырғасы – қызыл, төбесі – аласа.  Қабырғада киім, сөмке ілулі тұр. Біздің сынып тар.

ІІ-деңгей. Жақша ішіндегі сөздерді аударып, мәтінді қалпына келтір.

           Бұл – менің (класс). Ол үшінші (этаже). Сыныпта (1 стол), (12 парт), (24 стульев) бар. Сыныптың (окна) үлкен. Терезелердің (впереди) гүлдер тұр. Сыныптың (стена) – ақ, төбесі – (высокий). Қабырғада тақта, сағат (висит). Біздің сынып (красивый), (просторный), (светлый) және (чистый).

ІІІ-деңгей. Жауаптарды дұрыс, бұрыс деп белгіле.(«+» немесе «-»)

Бұл – менің сыныбым.

 

Ол бесінші қабатта.

 

Сыныпта үш үстел, бес парта, алты орындық бар.

 

Сыныптың терезелері үлкен.

 

Терезелердің алдында кітаптар тұр.

 

Сыныптың қабырғасы – сары, төбесі – аласа.

 

Қабырғада тақта, сағат ілулі тұр.

 

Біздің сынып әдемі емес.

 

7-тапсырма. Мәтін бойынша өз түсінгендерін әңгімелеу.

ІV. Сабақты қорытындылау.

V. Бағалау.

VІ. Үйге тапсырма.

1. Сөздік.

2. 5-тапсырма. 140-бет. Жазу.

3. І деңгей. Өз оқитын сыныбы туралы айту.

    ІІ, ІІІ деңгей. Мәтінді мазмұндау.